Жаңалықтар

Облыс экологиясы не күйде?

Апта басында Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық филиалы жанындағы өңірлік экологиялық қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысы өтті.

Әуелі аталған кеңестің төрағасы Евгений Лазарчук кіріспе сөз сөйледі. Барлық аудандағы қоғамдық кеңес мүшелері zoom форматы арқылы қатысып, баяндамаларын оқыды.

Nur Otan партиясының Алға аудандық филиалы жанындағы экологиялық кеңестің төрағасы А.Байбатыров тоғыз ай ішінде атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Жол картасы бойынша «Жасыл ел» еңбек жасақтары ұйымдастырылып, жазғы маусымда 350 жас еңбекке тартылды. Осы кезде аудан бойынша экологиялық жұмыстар жүргізілді. 2024 жылға дейін Бестамақ, Тамды, Маржанбұлақ, Үшқұдық ауылдарында қоқыстың бірнеше түрі үшін кем дегенде 13 контейнер қоюды жоспарлап отырмыз. Биыл Бестамақта 3 контейнер орнатылуда. Алғадағы бұрынғы химия зауытының қалдықтарын жою мәселесі 2024 жылға жоспарланды, — деді Аманжол Байбатыров.

Nur Otan партиясының Темір аудандық филиалы жанындағы экологиялық кеңестің төрағасы А.Кенжеғалиев ауданда Жол картасы бойынша экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында проблемалық, яғни орындалмай қалу қаупі бар мәселелер жоқ екендігін баяндады. Сондай-ақ ол Шұбарқұдық, Сарыкөл, Кеңқияқ, Ақсай ауылдарында 20 қоқыс контейнері орнатылғанын, биылғы көктемде аудан бойынша 3,7 мың көшет егілгенін, сондай-ақ жеке кәсіпкер Жандос Сағидановтың қалдықтарды өңдеумен айналысатынын айтты.

Nur Otan партиясының Байғанин аудандық филиалы жанындағы экологиялық кеңестің төрайымы Г.Қонаева ауданда «Жасыл белдеу» жобасы бойынша жұмыстар жүргізіліп, 20 гектар жерге 6 мың түп ағаш егу жоспарланып отырғанын айтты. Сондай-ақ ол «АБЗиком» компаниясының аудан орталығы — Қарауылкелдіде қатты-тұрмыстық қалдықтар полигонын салып жатқанын, биыл нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталатынын баяндады.

Қалалық және аудандық экологиялық кеңестердің осы жылдың 9 айындағы жұмысы туралы есебін тыңдаған Евгений Лазарчук:

— Мониторинг бойынша біраз жұмыстар жүргізілді, сондай-ақ әр аудан өздеріне бекітілген пункттерді орындап жатыр. Атап айтсақ, Мәртөк, Қобда, Байғанин аудандарында жаңадан қатты-тұрмыстық қалдықтар полигоны салынып жатыр. Полигондар экологиялық заңнама талаптарына сай болуға тиіс. Ол жерлерде қоқысты өңдеуге арналған алаң болуы керек. Негізі, кеңес мүшелерімен бірге қараша айында осы аудандарға бару жоспарда тұр. Айтпақшы, көшеттерді де қай жерге егілетініне қарай таңдаған жөн. Кей аудандарға жауын-шашын аз түседі, биыл тіпті, қуаңшылық болды. Әр ауданның ауа райы, жерінің ерекшелігі ескерілсе, дұрыс болар еді. Әйтпесе жыл сайын егілген көшеттер бой көтермесе, пайда жоқ, — дейді Евгений Лазарчук.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button